Дәрігерлер ұл баланы аман алып қала алмады.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 8-ші сынып оқушысының үстіне жылжымалы қақпа құлап қайтыс болды. Оқиға 5 қыркүйек күні сағат 10.00 шамасында орын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Атап айтсақ, мектеп спорт залында өткен дене шынықтыру сабағында кіші футбол ойнап жүрген 2006 жылы туған Мақатай Әлихан Талғатұлының үстіне абайсызда жылжымалы футбол қақпасы құлап, жарақат алған. Содан кейін, пән мұғалімі бірден жедел жәрдем шақырған және өзі алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Сондай-ақ, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының мәлімдеуінше жарақат алған баланы мұғалім өзі ауруханаға жеткізген. Алайда, ақ халаттылар жасөспірімді аман алып қала алмады. 8-сынып оқушысы ота кезінде сағат 12.00 шамасында көз жұмған.
"Қара жамылған отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.Тиісті рәсімдерді өткізу шығындарын аудан әкімшілігі өз мойнына алып, көмегін көрсетуде. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің тапсырмасымен Қазығұрт ауданына арнайы комиссия жолданды.Осы ретте облыс көлеміндегі білім беру мекемелерінің басшылығына сыртқы және ішкі спорт алаңдарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттелді," - дейлінген Түркістан облыстық адами әлеуеті дамыту басқармасының хабарламасында.