Елордалық мәдениет өкілдері мен спортшылар Түркістан облысында өнер көрсетеді.
Фото:chaspik.spb.ru.
ERNUR.KZ.Елордалық әртістер Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өз өнерлерін барша қазақстандықтарға көрсетуде, осыған орай 2018 жылғы шілденің 28-30 күндері Түркістан облысында Астананың мәдени күндері өтеді, деп жазады ERNUR.KZ.
Мерекелік үш күн бойы жергілікті тұрғындар «Тәуелсіздік» сарайы ұйымдастырған «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесін тамашалай алады. Экспозицияда Қазақстанның керемет 50 суретшісі ерекше 100-ден аса еңбегін көпшілік назарына ұсынады. Көрме сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін Шымкент қаласындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде өтеді.
28 шілдеде сағат 19.00-де, Шымкент қаласы, облыстық орыс драма театрында Қанат Жүнісовтың «Сәкен-сұңқар» тарихи драмасы көрсетіледі.
29 шілдеде елордалық актерлер Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» атты элегиясын көрсетеді. Композитордың рөлін Нұркен Өтеуілов сомдайды. Қойылым барысында барлық композицияларды актерлер өздері орындайды.
«Оңтүстік-цирк» күмбезінің астында үш күн бойы сағат 18.00-де Астаналық цирк артистері өнер көрсетеді. Көрермендер сигвейдегі эквилибристерді, үйретілген иттерді, жолбарыстарды, көгершіндерді, күлкілі сайқымазақтарды және т.б. номерлерді тамашалайды.
28 шілдеде «Түркістан сарайы» концерт залында артистер елордалық делегация болып қайтқан барлық қалаларда өткен «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт қояды. Сахна төрінде «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, «Шалқыма» халық биі ансамблі, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өнер көрсетеді. Клара Төленбаева, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Асқар Жайлаубаев, Бауыржан Исаев, Дос және Алмас Кішкенбаев сынды отандық эстрада жұлдыздары да ән шырқайды.
Көрермендерді барынша қамту мақсатында «Астанадан ақ тілек» гала-концерті 30 шілдеде сағат 18.00-де Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында да көрсетіледі.
29 шілдеде сағат 19.00-де «Түркістан сарайы» концерт залында «Елордадан елге сәлем! Алпамыс» концерті өтеді. Кеш барысында Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық биі ансамблі, эстрадалық би ансамблі, сондай-ақ классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өнер көрсетеді.
29 шілдеде Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның шаршы алаңында Астана мен Түркістан облыстарының құрама командалары арасында кикбоксингтен матчтық кездесу өтеді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері естелік грамоталармен және медальдармен марапатталады.