Облыста балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 97,9%-ға жеткен.
Түркістанда «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Білім беру» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен жиынның күн тәртібінде «2016-2019 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Түркістан облысында орындалуы» талқыланды. Жетістіктер де, кемшіліктер де сөз болды. Мәжілісті комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Оңалбай Аяшев жүргізіп отырды.
Комиссия отырысында білім саласындағы өзекті мәселелер сөз болды. Облыс мектептерінде 41605 дана компьютерлік техника бар, алайда олардың 33 пайызы, яғни, 13948 данасы ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар білім ұяларындағы 2673 интерактивті тақтаның басым бөлігі ескірген. Мектептерді түгел ғаламтор желісіне қосу мәселесі де өзекті. Білім басқармасының жауапты өкілі осы түйткілдерді шешу бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді.
Осы және өзге де деректерге қаныққан комиссия мүшелері білім ұяларында қауіпсіздікті күшейту, әжетханаларды санитарлық талапқа сай ету, оқушылардың қылмысын азайту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ мектеп асханаларында балаларды талапқа сай тамақтандыру, білікті ұстаздармен және оқулықтармен қамту мәселелері де көтерілді.
Комиссия төрағасы О.Аяшев жиында көтерілген мәселелер «Nur Otan» партиясының бақылауында болатынын, білім саласын дамыту бойынша мәслихат тарапынан да тұрақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.