Түркістан облысындағы 145 ауыл мектебі озық цифрлық жабдықтармен қамтылады

0
80

Жаңа оқу жылында 50 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады.


Түркістан облысындағы 145 ауыл мектебі озық цифрлық жабдықтармен қамтылады

Түркістан облысындағы 145 ауыл мектебі озық цифрлық жабдықтармен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беретін, қауіпсіз, жайлы, заманауи және технологиялық тұрғыдан озық орта қалыптастыру бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Бүгінде республика бойынша тіркелген 7 896 мектептің 1 106-сы Түркістан облысында орналасқан. Өңірдегі білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында 50 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. Бұл – Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы Түркістан облысында білім алады деген сөз.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен 75 мың жаңа парта мен 10 мың жаңа тақта алуға қаржы бөлінді. Сонымен қатар оқушыларға қолайлы психологиялық орта қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинет толықтай заманауи үлгіде жабдықталмақ.

Өңірдегі білім инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2024-2025 жылдары облыста 29 «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен тағы 13 білім ордасы салынуда. Ал 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 17 мыңға жуық оқушыға арналған 58 жаңа білім нысанын іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде.

Өңірдегі ауыл мектептерін жаңғыртуға да ерекше мән беріліп отыр. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан 2022-2025 жылдары Түркістан облысының білім саласына 5,3 млрд теңгеге нақты қолдау көрсетілді. Биыл Қордың қолдауымен 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда. Бұл – ауыл балаларына сапалы білім алуға, ғылым мен технологияны меңгеруге тең мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сонымен қатар Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 1 800 орындық «Жаңа буын орталықтарын» заманауи робототехника, өнер және спорт құралдарымен жабдықтауға 2,6 млрд теңге қарастырылуда. Мұндай орталықтар балалардың тек білім алуына емес, шығармашылық қабілетін дамытуына, технологиялық дағдыларын жетілдіруіне және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні орта білімге енгізу жөніндегі тапсырмасын Түркістан облысында сапалы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен алдағы үш жылда өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделуде. Нәтижесінде шалғай ауылдағы оқушы мен қаладағы оқушының білім алу мүмкіндігі барынша жақындап, білім сапасындағы алшақтықты азайтуға жол ашылады.

Атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі білім сапасынан да көрініп отыр. 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысының білім сапасы 69 пайызды құрап, республикада көш бастады. Бұл – ұстаздардың тынымсыз еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және білім саласына бағытталған жүйелі саясаттың жемісі.

Бөлісу