Түркістан облысының әкімі Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

0
74

Елшіге Түркістан өңірінің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.


Түркістан облысының әкімі Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманмен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесіп, әріптестік орнату бағытында келіссөз жүргізді. Елшіге Түркістан өңірінің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.


– Түркі елдерінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіз. Ұлыбритания – еліміздің индустрия, энергетика, қаржы, білім, жасыл технологиялар және инновациялар салаларындағы маңызды стратегиялық серіктесі. Ұлыбританиялық «Shell» компаниясы –Қазақстанның ірі мұнай-газ жобаларына қатысатын ірі халықаралық консорциумдардың мүшесі. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан жылға артып келеді. 2024 жылдың қорытындысымен Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 886 млн. АҚШ долларын құрады. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары және басқа өңірлермен салыстырғанда арзан жұмыс күшін ұсына алады.Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Біздің өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриалды аймақтар және «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және жоғары деңгейдегі тауарларды өндіру индустриясын дамыту. Аталған салаларды дамыту үшін сіздерді бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Облыс әкімдігі тарапынан инвесторлардың бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Туризм саласы бойынша да сіздерден үйренеріміз көп. Арнайы жоспар әзірлеп, инфотур өткізуді ұсынамын, – деді Нұралхан Көшеров.


Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси қазақ тілінде пікір алмасып, әріптестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.


– Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және көрікті орындарды көрдім. Өте жақсы әсер сыйлады. Сауда және экономикалық байланыстарды жандандыру жөніндегі ұсыныстарды қарастырамыз. Сауда айналымын ұлғайтуға мүдделіміз. Инвесторларға жасалатын мүмкіндіктерді тиісті өкілдерге жеткіземіз, – деген елші Ұлыбританияға жұмыс істеуге баратын қазақстандықтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау мәселесі де назарда тұрғанын жеткізді.

Бөлісу