Оқулықтар мен көркем әдебиеттердің электронды базасын құрылды.
Түркістан облысында «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында арнайы тапсырма беріп, отыз таңдаулы кітапты ұсынған болатын. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімдігі 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасының іс-шаралар жоспарын бекітті.
Жоба мақсаты – кітап оқудың мәртебесін, оның белсенділігі мен сапасын арттыру, балалардың мәдени және құзыреттілігін дамыту, жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.
Облыстағы аудандық және қалалық білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кел, балалар, оқылық!» кітапханашылар клубы құрылған.
Мәселен, педагогтер мен ата-аналар белсенділігін арттыру мақсатында семинар-кеңестер өткізіліп, «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты байқауды ұйымдастыру қолға алынды. Мектеп кітапханаларында «Оқу сағаты», бастауыш сыныптармен «Біз кітапханадамыз» атты оқу сағаты, ал 4-сыныптар арасында «Мен оқыған ертегі» челлендждері ұйымдастырылды.
Аталмыш жоба шеңберінде кітапханалар жаңа цифрлық кеңістікке бет бұрған. Осы орайда, E-KITAPHANA мектеп оқырманына арналған бұлтты сервисін облысқа ендіру жұмыстары басталды. E-KITAPHANA цифрлы жүйесі облыстағы барлық білім беру ұйымдарындағы оқулықтар мен көркем әдебиеттердің электронды базасын құрады.