ТҮРКІСТАН: Өндірістік паркте 30-дан аса зауыт жұмыс істеп тұр

0
75

Жалпы тартылатын инвестиция көлемі - 308 млрд теңге.


ТҮРКІСТАН: Өндірістік паркте 30-дан аса зауыт жұмыс істеп тұр

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Өндірістік парктің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жалпы аумағы 100 гектарды қамтитын парк аумағында 152 ғимарат салу жоспарланған. Жалпы тартылатын инвестиция көлемі - 308 млрд теңге. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 6 040 жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған нысанның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.


Жалпы Өндірістік парк құрылысы 2 кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде 3 қатардан тұратын 40 ғимарат салынған. Бүгінде оның 32-сі іске қосылған. Тартылған инвестиция көлемі - 30,7 млрд. теңге, ашылған жұмыс орын саны - 700. Бүгінде жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының қатарында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын, ауыл шаруашылығына қажетті тракторларды және сэндвич панелдерді өндіретін «BNK Group» ЖШС, сондай-ақ мектепке арналған және медициналық, кеңселік жиһаздарды өндіретін «Ақниет Holding» ЖШС, өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін украиндық «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «Тұран су» ЖШС, медициналық жабдықтар өндіретін «Отар құрылыс» ЖШС, кеңсе және медициналық жиһаздарын, газ қазандықтарын өндіретін «Ақниет Holding» ЖШС, бейнекамералар өндіретін «BIR BELDEU BIR ZHOL TECHNOLOGY» ЖШС сынды кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, пластикалық пакеттер мен қоқыс қаптарын өндіретін «Tur-Sapa» ЖШС, дрон құрылғысын дайындайтын «Avatar Agricultural» ЖШС, кептірілген жемістер өндіретін «Талифа» ЖШС, дәмдеуіштер шығаратын «Onelee Food Technology Co» ЖШС жұмыс істеп тұр. Ал екінші кезеңде 2025-2026 жылдары 70 гектар аумақта 112 ғимарат соғу жоспарлануда.


БАҚ өкілдері баспасөз туры барысынды бірнеше өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Соның бірі - өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін украиндық «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 20 млн евро. Жоба 2 кезең бойынша жүзеге асады. Қазіргі таңда бірінші жобасы аяқталып, 350 жұмысшы айына 4 мың тоңазытқыш құрастырып отыр. Екінші кезеңде 1 мың жұмыс орны құрылып, айына 10 мың тоңазытқыш дайындалмақ.

Бөлісу