Салтанатты шарада қаланың дамуына үлес қосқан ел ағалары мерекелік медальдармен марапатталды.
Өнер мектебінің оқушылары Жетісай қаласының 50 жылдығына тарту жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Осыдан екі ай бұрын жұмысын бастаған Гауһар Әлімбекова атындағы өнер мектебінің бүлдіршіндері аудандық “Жетісай” мәдениет үйінде Жетісай қаласының 50 жылдығына тарту жасады.
Мерекелік шараға шаһар басшысы Тұрышбек Елшібанв, “NurOtan” партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
“Ен далаға ел қондырып, маңдайларыңыздың тері топыраққа сіңгенше аянбай еңбек еткен аға-апаларымыздың қажымас еңбектерінің арқасында қаламыз бүгінде әсем де ажарлы мекендердің біріне айналып отыр. Бүгін біз бірінші кезекте қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан алдыңғы буын ағаларымыз бен әлі де тыным таппай жүрген орта буын өкілдерін марапаттауды жөн көрдік. Мерекелеріңіз құтты болсын, жетісайлықтар”,- деген қала басшысы бірқатар азаматтарды “Жетісай қаласының 50 жылдығы” және мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдық мерекелік төсбелгілерімен марапаттады.
Салтанатты марапаттаудан соң өнер мектебінің оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мың бұралып би биледі, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер орындап, Жетісай аспанын патриоттық әндермен көмкерді.