Түркістан облысында өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі – 453,8 млрд. теңгені құрады. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Ал өңірдегі өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі – 236,9 млрд.теңгені құрап, өсім – 100,7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі – 544,3 млрд. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Атап айтқанда, мал шаруашылығында ет өндірісі – 4,8 %, сүт – 2,8 %, жұмыртқа – 8,1 пайызға артты», – деді Арман Сәбитұлы.
Сонымен қатар, Түркістан облысында 288,1 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім көрсеткіші – 101,2 %. Бұдан өзге, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі – 139,1 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы – 387,8 мың шаршы метрге жетіп, 2017 жылға қарағанда 21,7 пайызға артқан. Тиісінше, бұл салада облыстың Республикадағы үлесі 3,1 пайызға жетіп, 3-орынды иеленіп отыр.
Облыс бойынша бюджеттің жалпы көлемі – 562,1 млрд. теңге. Оның ішінде даму бюджеті – 80,8 млрд. теңге болса, ал, жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа түсімдердің көлемі – 100,9 млрд. теңге.
Бүгінгі таңда облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы бюджеттің жалпы көлемінде өзіндік кірістердің үлесі 17,1 пайызға артып, 7 млрд. теңгеге өсті. Бюджеттің шығыстар бөлігінде ағымдағы шығындар 467,7 млрд. теңгені құраса, ал даму бюджетінің шығындары 94 млрд. теңгеге жетті. Бюджет көлемінде әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 341,2 млрд. теңгені құрап, үлесі – 60,7 пайыз.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі