Тұрғындар көтерген ұсыныстардың орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кеңсесінде азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында өңір тұрғындары бірқатар өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Манкент ауылынан келген тұрғын ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді.
Бұдан бөлек, Көлкент ауылының тұрғыны тарихи тұлғалардың есімін ұлықтау бойынша өз ұсынысын айтса, келесі азамат өңірде жастарға арналған жобаларды көбейту, жаңа бастамаларды қолдау жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Әкім орынбасары Ертай Кенжебекұлы айтылған әрбір мәселені мұқият тыңдап, оларды тиісті басқармалар мен жауапты өкілдердің қарауына жіберетінін атап өтті. Сонымен бірге, тұрғындар көтерген ұсыныстардың орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.