Түркістан өңіріндегі мақта, жүгері және ет кластерлері қарқынды дамуда

0
61

Түркістан өңірі осылайша дәстүрлі ауыл шаруашылығын заманауи өндіріс пен терең өңдеумен ұштастырып, ел экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді.


Түркістан өңіріндегі мақта, жүгері және ет кластерлері қарқынды дамуда

Түркістан өңіріндегі мақта, жүгері және ет кластерлері қарқынды дамуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өңірде агроөнеркәсіптік өндірісті әртараптандырудың жаңа кезеңі басталды. Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі кластерлік жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауымен өңір экономикасының тірек салалары саналатын мақта, жүгері және ет өндірісі бағытындағы кешенді бастамалар шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім шығаруға көшуге жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.


Бүгінде Түркістан облысында мақта өнімін экспорттауға тәуелділікті жою және дайын өнім секторына кешенді түрде көшу мақсатында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Жоба аясында мақта кластері бағытында бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жалпы көлемі 201 млрд теңге инвестиция тартылмақ.


Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде мақта өнімділігі 2–3 есеге артып, жыл сайынғы өндіріс көлемі 229 мың тоннаға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өңірдің мақта шаруашылығын жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашады.


Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС тарапынан мақтаны терең өңдеуге және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы өндірістік нысанның құрылысы басталды. Аталған жобаның құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Кешен аясында толық өндірістік циклді қамтитын мақта өңдеу, иіру, тоқыма, мата өндіру, бояу және өңдеу бағыттары бойынша төрт зауыт салынатын болады. Бұл жоба өңірдегі тоқыма өнеркәсібінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз қалайды.


Өңірде құны 30 млрд теңгені құрайтын жүгері өндірісі кластері де қарқын алып келеді. Жоба аясында заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кәсіпорын іске қосылып, 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 150 мың тоннаға дейін крахмал өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрақты экспорт көлемін қалыптастыруға жол ашады. Аталған жоба еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қоспақ.


Түркістан облысы республика бойынша мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауда жетекші орынға ие. Қазіргі таңда елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы өңірдің үлесінде. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 29,1 мың тонна ірі қара мал еті, 27,0 мың тонна қой еті және 103,1 мың бас мал экспортқа жөнелтілді. Осы бағытта өңірде ет кластерін дамыту бойынша жеті ірі жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы құны 50 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде жылына 35 мың тонна ет өнімін өндіру қуаты қалыптасып, 802 жаңа жұмыс орны ашылады.


Бұдан бөлек, Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңдары мен ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, сондай-ақ заманауи мал биржасы салынуда. Бұл жобалар өңірдің мал шаруашылығы саласын жаңа индустриялық деңгейге көтеріп, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.


Жалпы алғанда, Түркістан облысында іске асырылып жатқан мақта, жүгері және ет кластерлері өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін толық іске қосуға бағытталған жүйелі қадамдар болып табылады. Бұл бастамалар жаңа өндірістерді іске қосып қана қоймай, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтуға, экспорттық кірістерді ұлғайтуға және облысты еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталығына айналдыруға негіз болмақ.


Түркістан өңірі осылайша дәстүрлі ауыл шаруашылығын заманауи өндіріс пен терең өңдеумен ұштастырып, ел экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Бөлісу