Тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыруға жіті көңіл бөлу қажеттігі түсіндірілді.
Түркістан облысында «Ономастикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы өзекті мәселелер» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ономастикалық атауларды қалпына келтіру және оларды реттеуде басты бағыттардың бірі халықтың қоғамдық санасын жаңғырту аясында жергілікті атқарушы органдардың ономастика саласындағы жұмысын үйлестіру және жүйелендіру болып саналады. Бүгін осы мақсатта Сауран ауданында «Ономастикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы өзекті мәселелер» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Шараны облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан ашып, облыстағы ономастикалық жұмыстардың жүргізілу барысына және осы саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Қазір атау беруде кісі есімдеріне шектеу қойылғандықтан, жұмыс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің әзірлеуімен «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа алу керектігі айтылды. Сондай-ақ тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыруға жіті көңіл бөлу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар Сауран, Бәйдібек аудандары мәдениет бөлім басшыларының ономастика саласы бойынша атқарылған жұмыстары тыңдалды. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Ербол Абдраманов өз баяндамасын ұсынды.
Семинарға облыстағы тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ономастика саласына жауапты аудандық, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері мен Сауран ауданына қарасты ауылдық округтердің әкімдері, депуттаттар, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру, жүйелі жүргізу бойынша кеңінен талқыланып, соңы пікір алмасумен қорытыланды.