Үш қабатты оқу ордасында асхана, оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған сыныптар қарастырылған.
Ордабасы ауданында 600 орынды жаңа білім ордасы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында орналасқан «Парасат» жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа білім ордасы 600 оқушыға арналған. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, халықты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
– Баршаңызды жаңа білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Облыс көлемінде 2025 жылы 20-ға жуық жаңа мектеп ашылып, пайдалануға берілді. Соның ішінде биыл Ордабасы ауданында 5 жаңа білім беру нысаны іске қосылды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, ел болашағына жасалған аса маңызды инвестиция. Соның бірі – бүгін, міне Шұбарсу ауылында 600 орындық жаңа мектеп ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Шұбарсу ауылы облыс көлеміндегі халқы көп шоғырланған елді мекеннің бірі. Бүгінгі күнге елді мекенде 50 мың аса халық болса, 15 мектепте 12 мыңнан аса оқушы білім алады. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 2,6 гектарды алып жатқан мектептің ауданы – 4259,26 шаршы метр. Үш қабатты оқу ордасында асхана, оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған сыныптар қарастырылған. Жаңа мектепте заманауи жабдықталған сыныптарда сапалы білім алуға және ұстаздар үшін еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Мектепте 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 644 млн. 403 мың теңге. Мердігер мекеме – «Дос и К Сервис» ЖШС.
Шара барысында қонақтар бастауыш сынып бөлмелерімен, мультимедиялық сынып, асхана, шеберхана, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.


