Арнайы мамандар 25 түрлі 200 техникамен жұмыс істейді.
Түркістанды көгалдандыру мен өсімдіктерді күтіп-баптауда заманауи техникалар қолданылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласы жылдың төрт мезгілінде де жайнап, сәулетімен көзді арбап, туристерді қызықтырып тұруы тиіс. Бұл ретте қаланы көгалдандыру, тазалау жұмыстарының маңызы зор. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев көгалдандыру және қала көшелерін тазалауға арналған техникалардың жұмысымен танысып, осы салада жұмыс істейтін азаматтармен пікір алмасты.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, Түркістан қаласы аумағында көгалдандыру, ағаштарды күту және саябақтар, скверлер мен аллеялардың тазалығын сақтау мақсатында сапалы техникалар алынған. Бұл бағытта арнайы мамандар 25 түрлі, 200 дана техникамен жұмыс істейді. Әр техниканың өз міндеті, ерекшелігі бар. Біреуі ағашты күтіп-баптауға арналса, көгал, гүл мен бұтаны сәндеуге, қырқуға арналған техникалар да бар.
Сонымен бірге, өңір басшысына өсімдіктерді күтіп-баптауда қолданылатын химиялық жəне органикалық тыңайтқыштар мен препараттар таныстырылды. Сəндік гүлдерді егу жұмыстары да көрсетілді. Сала мамандарының хабарлауынша, облыс орталығында көпжылдық гүлдер егіліп, осы өңірдің табиғатына бейім ағаштарды отырғызуға басымдық берілген.
Тиісінше, Өмірзақ Шөкеев жауапты адамдарға қаланы көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмысын жүйелендіруді тапсырды. Көшеттердің тамыр алып, жайқалып өсуіне бар жағдайды жасау керектігін жеткізді.