Отбасы – адамның бойына барлық жақсы қасиеттерді дарытатын ыстық ұя.
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің және облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған «Парасатты отбасы» байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыстық шара аясында байқауға қатысушы өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген 5 отбасы байқауда бақ сынасып, өз өнерлерін көрсетті. Сайысқа қатысқан жанұялардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Отбасылар балаларының оқудағы және спорттағы жетістіктеріне, өнерлерін мақтан етті және өз отбасыларының жетістіктері туралы әзірлеген зерттеу жұмыстарын бейнеролик арқылы ұсынды. Сонымен қатар, отбасы мүшелері сайыс барысында дәстүрлерімізді жаңғыртып, салт-дәстүр, отбасы құндылықтары, парасаттылық қағидаттары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.
Байқау нәтижесінде бірінші орынды Ордабасы ауданынан Алдабергеновтер отбасы иеленсе, екінші орынды Түркістан қаласынан Шакировтар отбасы, ал үшінші орынды Арыс қаласынан келген Орынбасаровтар отбасы қанжығалады.
Сонымен қатар, 2 отбасыға Шардара ауданынан келген Мұқашевтар отбасы «Өнегелі отбасы», ал Түлкібас ауданына келген Қошқарбаевтар отбасына «Шығармашыл отбасы» ынталандыру сыйлықтары мен грамоталар табысталды.
Айта кетейік, бұл байқаудың қазылар алқасы құрамында Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ғ.Жүндібаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы А.Биболова,Кентау қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтық комитетінің төрағасы, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Т.Садуов, жеке кәсіпкер Б.Курбаналиева және ата-аналар комитетінің төрағасы Д.Карамырзаев болған. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мәртебесін жоғарылату, озат оқушыны анықтау.