Олимпиада ойындарында Көк Туымызды желбірете беруіне сәттілік тіледі.
Сайрам ауданының әкімі Сәкен Бибосыновты арнайы қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов ауданның спортшысы, бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновты арнайы қабылдады. Жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, алдағы Париж қаласында 2024 жылдың 26 шілде – 11 тамыз аралығында өтетін 33-жазғы Олимпиада ойындарында Көк Туымызды желбірете беруіне сәттілік тіледі.
“Биыл Италия елінің Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде 4 рет жекпе-жек өткізіп, Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алып, жоғары жетістікке қол жеткізген болатынсыз. Олимпиада ойындарына осымен қатарынан екінші мәрте баратын отандық спортшы ретінде барша аудан халқы Сізге сенім артып отырмыз. Бұл жолы да аламан сайыста қоржыныңызға алтын салып қайтатыныңызға сенемін”, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, әлемдік бәсекеде жеңіс белесін бағындыруына тілектестігін білдіріп, еліміздің көк байрағы мен ұлттық бұйымымыз сауытты тарту етті. Өз кезегінде, боксшы ақжолтай тілегін арнаған аудан әкіміне алғыс айтып, өзінің есімі жазылған былғары қолғапты арнайы сыйға берді.