ТҮРКІСТАН: Сайрамда Солтүстікке қоныс аудару бойынша кездесу өтті

0
791

Кездесуге келген азаматтар қоныс аударушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектер жайында толық ақпараттарға қанық болды.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда Солтүстікке қоныс аудару бойынша кездесу өтті

Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындарымен солтүстікке қоныс аудару бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиынға "Отандастар қорының" сарапшысы Мыңбай Әлфараби, "Tauekel" ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов қатысты.


Кездесуге келген азаматтар қоныс аударушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектер жайында толық ақпараттарға қанық болды.


Делегация өкілдерінің айтуынша, вакансиялар қатары өзгеріске ұшырап отырғанымен, денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік салалары бойынша мамандар тапшы. Ішкі көші-қонды реттеуге көпбалалы отбасылар үлкен үлес қосатынын атап өтті.


Осы орайда, Нұржан Нұрашов көрсетілетін әлеуметтік төлемақы туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, көшіп барған отбасы мүшелерімен бес жылға келісім-шартқа отырады. Әлеуметтік бір реттік төленетін қаражат пен тұрғын үй алған отбасы сол облыста тұруы керек. Әр отбасы мүшесіне 241 000 теңге төлемақы беріліп, ал тұрғын үйге 4 млн теңгеге дейін қаражат беріледі.


Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасы бойынша «Отандастар қорының» сарапшысы Мыңбай Әлфараби маңызды ақпаратпен мәлімдеді. Ол өз сөзінде мектеп түлектерін теріскейдегі университеттерге оқуға түсіруге шақырды.


Бұдан бөлек, "Tauekel" ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов мал бордақылаумен айналысып жүрген азаматтарды үйренген ісімен сол жақта жалғастыруға шақырды.


Айта кетсек, Қарабұлақ ауылында 55 мыңнан аса халық тұрады.


Еске сала кетсек, сәуір айының 19-21 күндері Түркістан облысында «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерге «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өткен болатын. Жәрмеңке барысында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарынан келген 76 маман оңтүстік өңіріне қарасты Сарыағаш, Келес, Сайрам, Ордабасы аудандарын аралады. Аталған жәрмеңкеде 4 өңір бойынша барлығы 3934 бос орын ұсынылған-ды.