Облыс әкімі аудан орталығындағы саябақты аралап көріп, абаттандыру жұмыстарын күшейту бойынша тиісті міндеттер жүктеді.
Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Ауданның даму барысын қадағалап, жергілікті басшыларға тапсырмалар берді.
Халқы тығыз орналасқан Сайрамда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Ақсукент ауылындағы тазартқыш имараттарын қайта құру» жобасы. Бұл нысанның құрылысы барысында мердігер мекеме тарапынан ешкімнің келісімінсіз жобаға өзгерістер енгізілген. Бірқатар кемшілік анықталған. Бүгінгі таңда құзырлы органдар мердігермен тиісті жұмыс жүргізуде. Облыс әкімі аталған нысанның жұмысын реттеу, санитарлық талапты сақтау, тұрғындарға зияны тимейтіндей шешім қабылдау жөнінде тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі аудан орталығындағы саябақты аралап көріп, абаттандыру жұмыстарын күшейту бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта «Неке сарайы» ғимаратын ыңғайластырып, «Белсенді ұзақ өмір орталығына» айналдыру көзделіп отыр. Саябақты дамыту жұмыстары да атқарылмақ.
Сонымен бірге өңір басшысына ауданда жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Қарасу ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жобасы және өзге де жоспарлар бойынша мағлұматтар берілді.