ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданының диқандары лимон жинауды бастады

0
1 006

Биыл 95 мың тоннадан астам өнім жиналды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданының диқандары лимон жинауды бастады

Сарыағаш ауданының бағбандары лимон жинап жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының шаруалары үй маңындағы жерді тиімді пайдалануда. Бірі ауласына көкөніс дақылдарын ексе, енді бірі тропикалық жеміс лимон өсіруге болатынын дәлелдеуде. Осыған орай, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Амирханов Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекенінің тұрғыны Тансықбаев Манатәлінің «Даян» шаруа қожалығына арнайы барып, лимон шаруашылығымен танысып қайтты. Бүгінгі таңда кәсіпкер өзінің шаруа қожалығына тиесілі 60 соттық жылыжайында «Мейр» сұрыпты лимон өсіруде.


«Жылдық көшеттің алғашқы екі жылында гүлдерін теріп алып тастау қажет, сөйтіп оның бойын өсіруге күш салу керек. Осы әдісті қолданғанда үшінші жылы көшет 20 келі, төртінші жылы 50 келі өнім бере бастайды. Жыл өткен сайын берер жемісі де молая түседі. Қазіргі таңда жылыжайдағы лимон ағаштарынан 50-60 тонна өнім жиналуда», - дейді кәсіпкер.


Лимон бұтақтарынан жиналған өнім ішкі нарықта саудаланып жатыр. Сонымен қатар жылыжайда лимон өсіргісі келетіндер кәсіпкерден қаламшадан өніп шығатын лимон көшеттерін алып кетуде. Кәсіп бастағысы келетіндерге ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуге дайын Тансықбаев Манатәлі лимон көшетін өзінен алғандарға осылайша шарапатын тигізбек.


Бүгінгі таңда ауданда жалпы 683,2 га жылыжай орналасқан. Биыл осы жылыжайлардан 95,0 мың тоннадан астам өнім жиналды.