ЭКГ аппараттарымен, гинекологиялық және балаларға арналған арнайы қарау бөлмелерімен, физиотерапиялық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Сарыағаш ауданында екі медициналық нысан тұрғындар игілігіне берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыстар аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тікелей бақылауында.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бір күнде аудан аумағында тағы екі медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Төңкеріс және Береке елді мекендерінде заманауи талаптарға сай дәрігерлік амбулаториялар ашылды.
Медициналық нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, мәслихат депутаттары, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Аудан басшысы тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, олардың елді мекен халқы үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл тұрғындары атқарылған игі іске ризашылықтарын білдірді.
Жаңа дәрігерлік амбулаториялар ЭКГ аппараттарымен, гинекологиялық және балаларға арналған арнайы қарау бөлмелерімен, физиотерапиялық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.


