Мәселелер заң шеңберінде шешіледі.
Сарыағаштық тұрғындар әр апта сайын әкімнің жеке қабылдауында болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев «Халықтық кеңседе» тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жібек жолы, Құркелес, Қабланбек, Ақжар, Тегісшіл ауылдық округтері мен Сарыағаш қаласынан келген азаматтар жеке және ауылдың ортақ мәселелері бойынша талап-тілектерін баяндады.
Қабылдауға алдын ала жазылған 8 тұрғын ағын су, ауыл биін тағайындау, кәсіпкерлерге берілетін жергілікті жәрдем, егін егетін егістік, мектеп салу және табиғи газ, таза ауыз су, электр желісін ауыстыру және әлеуметтік мәселелері бойынша сауалдарын жолдады.
Мәселен, Сарыағаш қаласының тұрғыны кәсіпкерлерге берілетін жергілікті жәрдем бойынша көмек сұрады. Бұл сұраққа жауап берген аудан басшысы кәсіпкерлерді қолдау шаралары аясында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатқанын айтып, оны алудың тәртібін түсіндірді.
Тұрғындардың мәселелерін жіті тыңдаған аудан басшысы қабылдау соңында тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың арыз-шағымдарына уақытылы жауап беріп, мәселелерді заң шеңберінде шешуді тапсырды.