Жұлдызды түннің әуені – Састөбеде
Түлкібас ауданында Бекжігіт Сердәлінің «Жұлдызды түннің әуені» атты шығармашылық ән кеші көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Түнгі кітапхана» жобасы аясында белгілі композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Композиторлар Одағының құрметті мүшесі Бекжігіт Сердәлінің «Жұлдызды түннің әуені» атты шығармашылық ән кеші көрерменге ұсынылды.
Шараның басты мақсаты – кітапхана ісіне жаңа серпін беріп, жастар мен оқырман қауымның әдебиетке, поэзияға, өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық пен руханиятты тоғыстырған ерекше мәдени алаң құру болды.
Салтанатты сәттің шымылдығын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы мен Түлкібас ауданы әкімінің аппарат басшысы Фархат Тастайбекұлы ашып, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Ән мен жырдың әуезіне толы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айжан Тәженова, сондай-ақ эстрада және дәстүрлі ән орындаушылары Мақсат Айтжанов, Шерхан & Жансұлу дуэті, Тәттімбет Керей мен Бекзат Сәкенұлы сахна төріне шығып, тыңдарманды әсем әуенге бөледі.
Құрметті қонақтар қатарында Тельман Бейсен, Гүлнар Өмірбек, Дәурен Айманбетов, Арқалық Әмәлият, Арайлым Мұраталиева, Сезім Мергенбай, Бауыржан Ерман, сондай-ақ жазушы, журналист, әліппетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алтын қалам» байқауының лауреаты Ділдәгүл Нұрмаханбет сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерімен, жылы лебіздерімен бөлісті.
Сонымен қатар, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына орай «Ойы терең, шабыты шалқар қаламгер» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қаламгердің шығармашылық жолын айғақтайтын туындылары, зерттеу еңбектері мен оқырманға жол тартқан кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.
Әдебиет пен өнерді тоғыстырған бұл мәдени шара жұлдызды аспан астында өткен ұмытылмас сәтке айналып, көптің көңілінде ерекше әсер қалдырды.