ТҮРКІСТАН: Шардарада крахмал-сірне зауыты ашылады

0
112

550 адам жұмыспен қамтылады.


ТҮРКІСТАН: Шардарада крахмал-сірне зауыты ашылады

Шардарада 550 адамды жұмыспен қамтитын ірі крахмал-сірне зауыты ашылуға жақын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шардара ауданында жылына 150 000 тонна жүгері дәнін терең өңдеуге арналған ірі зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Крахмал-сірне зауытының өнімдері ішкі нарықпен қатар, Азия және Еуропа елдеріне экспортталмақ. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді. Зауыт іске қосылғаннан кейін 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл – Шардара және көршілес аудандар үшін үлкен әлеуметтік әрі экономикалық мүмкіндік.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара қаласындағы индустриялық аймақта салынып жатқан ауқымды инвестициялық жобаның құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиевпен кездесті. Зауыт басшылығы жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп отырған Түркістан облысы әкімдігіне алғысын білдіріп, өндірісті жедел іске қосуға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында тараптар жаңа кәсіпорынды іске қосуға дайындықтың соңғы кезеңдерін пысықтады. Сонымен қатар жұмыспен қамту, шикізатпен қамтамасыз ету, логистика, ішкі және сыртқы нарыққа өнім жеткізу тетіктері талқыланды. Қазіргі таңда 250-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа тартылып, зауыттың ашылуына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


Кездесу барысында кәсіпорынның қазіргі жағдайы, өндірістік қуаты мен ашылу алдындағы дайындық жұмыстары жан-жақты қарастырылып, жобаның өңір экономикасы мен агроөнеркәсіптік кешеніне қосар үлесі жоғары бағаланды. Мақталы аймақта жүгеріні терең өңдейтін ірі зауыттың іске қосылуы – экономиканы әртараптандыру жолындағы маңызды қадам. Қазіргі уақытта өңір шаруалары зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері өсіруге бет бұрған.


2023 жылы басталған құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңінде жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау кешендері салынды. Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі – жүгеріні терең өңдеу өндірісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл кешен 2025 жылы толық іске қосылады деп жоспарланған.


«Казкрахмал» ЖШС зауытында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, ұрық, кебек және түйірленген құрама жем сияқты 20-дан астам өнім түрі өндіріледі. Сірне – табиғи қант алмастырғыш ретінде кондитерлік және сусын өндірісі салаларында кеңінен қолданылады. Айта кетерлігі, өндірісте генетикалық түрлендірілмеген (ГМО-сыз) жүгері пайдаланылады және қалдықсыз өңдеу технологиясы жолға қойылған.


Шардарада бой көтеріп жатқан бұл заманауи крахмал-сірне зауыты – агроөнеркәсіп пен индустрияны байланыстыратын маңызды буын. Ол тек экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығы құрылымдарының табысын арттыруға да оң әсер етпек.

Бөлісу