ТҮРКІСТАН: Шегірткеге қарсы күрес жандана түсті

0
86

Аумақтар 65 секторға бөлініп, 65 жұмыс тобы жасақталған.


ТҮРКІСТАН: Шегірткеге қарсы күрес жандана түсті

Түркістан облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жүйелі әрі жоғары қарқынмен жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен мәжілісте талқыланды. 2026 жылы фитосанитариялық ахуалды тұрақты сақтау мақсатында облыс әкімінің өкімімен арнайы штаб құрылып, жұмыстарды үйлестіру күшейтілді. Шегірткеге қарсы күрес картасы әзірленіп, зиянкес таралған аумақтар 65 секторға бөлініп, 65 жұмыс тобы жасақталған. Жедел штаб Келес ауданы Бірлік ауылдық округінде орналасып, нақты іс-шараларды үйлестіріліп отыр.

Өңір басшысы жауаптыларға бір сәтке де босаңсымай, жұмысты соңына дейін жеткізуді тапсырды.

– Шегіртке зиянкесіне қарсы күрес уақтылы әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Кемшіліктер анықталған аудан әкімдері жұмысты ширатсын. Мәселе қатаң бақылауда тұр, – деген Нұралхан Көшеров мәселелер кездесіп жатқан аудан әкімдерінің осы бағыттағы есептерін тыңдады. Сонымен бірге химиялық өңдеуге қолданылатын препараттардың сапасын қадағалауды жүктеді.

Жиында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Орынбаев шегіртке зиянкесіне қарсы биылғы фитосанитариялық іс-шаралар барысы туралы баяндама жасады.

Жалпы 1 миллион гектардан астам аумақта мониторинг жүргізу жоспарланған болса, бүгінгі таңда оның 569,4 мың гектары немесе 62,8 пайызы зерттелді. Нәтижесінде 183,5 мың гектарда зиянкестердің экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Шегіртке дернәсілдерінің дамуы да бақылауда. Мониторинг жұмыстарына 576 маман мен 12 дрон тартылған.

Химиялық өңдеу жұмыстары 421,6 мың гектарға жоспарланып, қазірдің өзінде 171,5 мың гектар немесе 42 пайызы орындалды. Оның ішінде 157,8 мың гектар жер үсті бүріккіштерімен, 8 мың гектар аэрозольді генераторлармен және 5,7 мың гектары әуе арқылы өңделген. Бұл жұмыстарға 293 жер үсті техникасы, 3 газогенератор, 72 су тасушы көлік және 4 ұшақ жұмылдырылған. Өңдеу барысында «Тиаметрин с.к.» және «Гунсяо 10 к.э.» препараттары қолданылуда.

Талдау нәтижесінде Сарыағаш ауданының 22-секторы және Келес ауданының бірнеше секторлары жоғары қауіпті аймақ ретінде анықталды. Ал Арыс қаласы мен басқа аумақтар орташа және төмен қауіпті деңгейде бағалануда. Шегіртке ошақтарын дәл анықтау үшін шөп қалың аймақтарда мониторинг күшейтіліп, әсіресе Өзбекстанмен шекаралас аумақтарға ерекше назар аударылуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саяқ шегірткеге қарсы күрес барысы туралы баяндады. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы облыстық бюджеттен 535 млн теңге бөлініп, 150 мың гектар жер өңделсе, биыл 133 млн теңге қаралып, 36 мың гектар алқапта өңдеу жоспарланған. Жұмыстар Арыс қаласы, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарында жүргізіледі.

Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу аяқталып, мердігер анықталған. Компания тарапынан 36 техника дайындалып, олардың әзірлігі тексерілген. Сонымен қатар облыс тарапынан қосымша 72 техника жұмылдырылып, жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.

Жалпы алғанда, облыстағы фитосанитариялық ахуал тұрақты. Зиянкестердің таралу қаупі толық бақылауға алынған және жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауға барлық мүмкіндік бар.

Бөлісу