ТҮРКІСТАН: Шетел көліктерін заңдастыру бойынша 9 мыңнан астам өтініш түскен

0
535

4914 азаматқа оң шешім шығып, олардың ішінде 3591 азамат көліктерін тіркеп, қазақстандық нөмір алған.


ТҮРКІСТАН: Шетел көліктерін заңдастыру бойынша 9 мыңнан астам өтініш түскен

Түркістан облысында шетел көліктерін заңдастыруға бүгінге дейін 9 мыңнан аса азамат өтініш берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауы барысында Үкіметке осы күнге дейін таяу шет елдерден әкелінген автомобильдерді заңдастыруды тапсырды. Осы орайда, қазіргі таңда облыс бойынша шетел көліктерін заңдастыруға 9195 азамат өтініш білдірген. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмас Тастанбеков мәлімдеді.


Алмас Мамбетұлының айтуынша, 4914 азаматқа оң шешім шығып, олардың ішінде 3591 азамат көліктерін тіркеп, қазақстандық нөмір алған. Ал 4281 автокөлік иесіне көлікті тіркеуден бас тартылды. Алайда, бұл азаматтар шектеулерді жойып, қайта тіркеуге құжаттарын ұсына алады.


Брифинг барысында Алмас Тастанбеков заңдастыру талаптарына тоқталып, азаматтарды «көлік тіркеп беремін» дейтін алаяқтарға алданып қалмауға шақырды.


«Мемлекеттік тіркеуге алыну үшін 4 шарт бар. Біріншіден, әкелінген көлік бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс. Сосын мемлекеттік іздеуде емес және басқа да ауыртпалығы болмауы керек. Сондай-ақ, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген көлік болуы қажет. Ал ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінген автомобиль, сондай-ақ Қырғызстаннан келген автомобиль кедендік тазартудан өтуі тиіс. Көліктер осындай шектеулерден шыққан соң ғана тіркеуге алынады. Бұл бір реттік науқан. Тек 1 шілдеге дейін жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Тағы бір айта кетерлік мәселе, «көліктеріңізді тіркеп беремін» дейтіндерге сенбеңіздер. Бұл - тіркейтін арнайы жүйе. Оған тек ресми адамдар ғана кіре алады. Ал сырт адамдарға жүйе қолжетімді емес», - деді полиция полковнигі.


Қазіргі таңда өңір бойынша шетел көліктерін заңдастыру 3 Мамандандырылған ХҚКО-да жүріп жатыр. Олар - Түркістан, Сарыағаш қалаларында және Сайрам ауданы Ақсукент елді мекенінде орналасқан.


Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліков көлік құралдарын кедендік тазартудан өткізу жұмыстарына тоқталды.


«ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО-қа мүше мемлекеттерге автокөліктердің кедендік тазартудан өткен, не өтпегендігін растау үшін сұрау хат жолдайды. Қазіргі таңда, Департамент 238 автокөлікке қатысты сұрау хат жолдады. ЕАЭО мүше мемлекеттер кедендік тазартудан өткендігін растағаннан кейін автокөлік құралын заңдастыру үшін ішкі істер органының жол полиция басқармасына кедендік тазартудан өткені туралы анықтама беріледі», - деді Серік Мелдеханұлы.


Ал Кедендік тазартудан өту үшін азаматтар көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті (СБКЖ) және эвакуация қауіпсіздігі жүйесін алу қажет. Комерциялық және көлік құралдарының техникалық құжаттарына ұсыну тиіс. Сондай-ақ, кедендік баждар мен салықтары төлемдерін жүргізуі керек. Кедендік алым - 20 000, кедендік баж шамамен - 450 000, ал қосымша құн салығы шамамен 350 000 теңгені құрайды. Тағы бір ескерер жайт, кедендік баждар мен салықтардың төлемдері көлік құралдарының қозғалтқыш қуаттылығына және кедендік құнына байланысты белгіленеді.


Айта кетейік, азаматтар өтініштерін электрондық үкімет порталы арқылы немесе арнайы ХҚКО-ға тікелей барып беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралын іздестіру базалары бойынша тексергеннен кейін автокөліктің нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін, арнайы ХҚКО жанынан ашылған тексеру пунктіне ұсынылады. Осыдан кейін 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баждар, сонымен қатар, егер қажет болса, кедендік баждар төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.