Қонақ үйлер, этноауыл кешені және туристерді тартуға бағытталған өзге де нысандар тұрғызу жоспарлануда.
Шетелдік бизнес делегация Түлкібас ауданындағы туристік нысандармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданы туризм саласы дамыған өңірлердің бірегейі. Тау бөктері, өзендері мен мөлдір бастаулары халық арасында «екінші Швейцария» атанып, мұнда келген қонақтар да табиғатының әсемдігіне таңдана қарайды.
Осы тұста Түркістан қаласында өткен «Turkistan International Investment and Tourism» форумы аясында өңір туризмін дамытуға бағытталған маңызды жобалар мақұлданды. «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС президенті Чан Минг бастаған шетелдік бизнес делегация Түлкібас ауданына барып, өңірдің туристік әлеуетімен танысты.
Сапар барысында Иірсу елді мекені маңынан жаңа туристік аймақ құру, сондай-ақ Ақсу шатқалында көру алаңшасын салу жобалары зерделенді. Бұдан бөлек қонақ үйлер, этноауыл кешені және туристерді тартуға бағытталған өзге де нысандар тұрғызу жоспарлануда.
Сондай-ақ, инвесторлар «Beibars-Bottlers» зауытының өнімдерімен танысып, кәсіпорынның жұмысын оң бағалады. Аралау жұмыстары «Ақсу-Жабағылы» қорығының музейінде жалғасын тапты.
Түлкібас ауданында туризмді дамытуға бағытталған жаңа жобалар аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетін болады.


