ТҮРКІСТАН: Солтүстікке көшкендер субсидия және пәтерақымен қамтылған

0
775

Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 300-ден астам отбасы қоныс аударды.


ТҮРКІСТАН: Солтүстікке көшкендер субсидия және пәтерақымен қамтылған

Түркістан облысының барлық аудан, қаласында «Еңбек» бағдарламасы түсіндіріліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл бастаманы «Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы филиалдары мен жергілікті әкімдіктер қолға алған. Арнайы кестесі бекітіліп, аудан, қалалардағы жұмыспен қамту орталықтарында тұрғындармен «Ашық есік күні» өткізіліп, сұрақтарына жауап беріліп жатыр. Мақсат – Солтүстік өңіріне қарай көшті жандандыру және «Еңбек» бағдарламасы аясындағы жеңілдіктерді тұрғындарға түсіндіру.


Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында да «Ашық есік күні» өтті. Оған аудандық мәслихаттың депутаттары мен орталық қызметкерлері қатысып, Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары мен мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ниет білдірушілермен ой бөлісті.


Сондай-ақ, қыркүйектің 13-14 күндері Павлодар облысынан келген делегаттар Сайрам ауданындағы Ақсу, Қарамұрт, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ ауылдарында болып, халықпен арнайы кездесетіндігін жеткізді. Орталық директоры Нұрлан Сарыбеков кез келген сұрақтар бойынша жұмыспен қамту орталығына хабарласып, барлық мәліметтерді алуға болатындығын атап өтті. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы зор.


«Жуырда Президентіміз өз Жолдауында көші-қон мәселесіне де тоқталды. Солтүстікке көшкен тұрғындарға қолдауды күшейту, кәсіпкерлерге жер беру міндетін де жүктеді. Бұл ретте қабылдаушы облыстар мен Оңтүстік өңірдегі осы салаға жауапты басқармалары, бөлімдері, орталықтары жанашырлықпен жұмыс атқаруы тиіс. Біз партия тарапынан Түркістан облысындағы барлық филиалдарымыз үшін арнай ыкесте бекітіп, жоспар жасадық. Барлық аудан, қалада «Еңбек» бағдарламасы насихатталады. Ал жалпы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін, осы саладағы мәселерді жинақтап, зерделеп, шешу жолдарын қарастырамыз», – дейді Б.Тәжібаев.


Жыл басынан бері Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 300-ден астам отбасы қоныс аударды. Олар жоспарға сәйкес, 204 мың теңге көлеміндегі субсидиямен және пәтерақымен қамтылған.