«Бақытты бала шақтан болашаққа» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырылды.
Созақтық 900 балаға жазғы лагерьге тегін жолдама берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақ ауданында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты бала шақтан болашаққа» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырылды.
«Балалар жылына орай ауданымызда түрлі шаралар ұйымдастырылды. Бүгін барлық мектептерде сауықтыру лагері жұмысын бастады. Ол лагерьлерде 2650 бала жазғы демалысын өткізбек. Ал, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында қала сыртындағы лагерьге аудан мектептерінен 900 балаға тегін жолдама бермекпіз», - деді шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Мерекелік шара аясында Н.Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейі оқушылары сурет көрмесін және Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі оқушылары «Құм терапиясы» технологиясын көпшілік назарына ұсынды. Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебі «Гүл әлемі» дизайны, А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі қолөнержасау әдістерін көрсетті. Н.Төреқұлов атындағы ІТ мектеп- лицейі «Су шығару маторы» құрылғысымен, ал Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары қызықты химиялық тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен тәмамдалды.