«Ақұйық» және «Қостөбе» каналдарының арнасы қосылуы мүмкін.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Созақ ауданына іс-сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Созақ ауылындағы «Ақұйық» және «Қостөбе» каналдарының арнасын қосып, тоған салу мәселесінің шешу жолдарын қарастыру үшін ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді. Осы ретте, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бастаған бірқатар жұмысшы топ Созақ ауылдық округіне барып, тау бөктеріндегі тоған салуға қолайлы орынмен танысты.
Жұмысшы топ құрамында облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, «Аманат» партиясының аудандық филиалы төрағасы Ернар Сағындық, Созақ ауылдық округі әкімі мен мәслихат депутаты, жауапты сала мамандары және бірқатар ауыл ақсақалдары мен шаруалар болды.
Кездесуде аталған мәселенің шешу жолдары жан-жақты талқыланып, шаруалар мен ауыл ақсақалдарының ұсыныс-пікірлері айтылды. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы бұл жөнінде жауапты мамандарға осы сәттен бастап қажетті шараларды қолға алу керектігін айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков ондағы мәселемен мұқият танысып шығып, тиісті министрліктерге жеткізетіндігін айтып өтті.