ТҮРКІСТАН: Созақтағы тозығы жеткен канал жөнделіп жатыр

0
669

Нәтижесінде 960 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады.


ТҮРКІСТАН: Созақтағы тозығы жеткен канал жөнделіп жатыр

Созақ ауданының әкімі құрылысы жүріп жатқан «Суындық» каналына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов Созақ ауылындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Суындық» каналында болып, жұмыс барысымен танысты. 1970 жылдардың соңында салынып, бүгінде әбден тозығы жеткен «Суындық» каналын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары өткен жылы қолға алынған. Жобаға тапсырыс беруші мекеме Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.


Қазіргі таңда «Суындық» каналының жалпы ұзындығы 22,71 шақырымдық су арнасының 19 шақырымына «лоток қалқаншалар» орнатылып үлгерген. Каналдың күрделі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде гидротехникалық құрылымдардың пайдалы әрекет коэффициенті артып, суармалы жерлер вегетациялық кезенде сумен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы Созақ ауылы бойынша 960 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады деп жоспарланып отыр. Жұмысты уақыты бітірудің маңыздылығына тоқталған аудан басшысы Салыхан Полатов, «келер жылы шаруалар жөндеуден өтен канал суының нәтижесін көретін болады» - дейді.