ТҮРКІСТАН: Созақтық демеушілер бір жанұяға үй сыйлады

0
1 498

«Central Asia Mining Со» тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.


ТҮРКІСТАН: Созақтық демеушілер бір жанұяға үй сыйлады

«Central Asia Mining Со» ЖШС Созақ ауданының тұрғыны Шайнеков Қарабекке үй сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Созақ ауданында «Central Asia Mining Со» ЖШС Қарақұр ауыл округі, Раң ата елді мекенінің тұрғыны Шайнеков Қарабекке үй сыйлады. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» акциясы аясында 561-баспана табысталды. Елді мекені тұрғынына үй беру мәселесіне ауыл имамы Сұлтанбек Шайменов ұйытқы болды. Үй табыстау рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып құттықтау сөз сөйледі.


«Қазіргі таңда жомарт жандар мұқтаж отбасыларға үй сыйлап, жақсы үрдісті қалыптастырды. Бүгін осындай қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. «Central Asia Mining Со» компаниясы тұрғындар бастамасын қолдап, игі істі жалғастырды. Өзге де компанияларға үлгі болатынына сенеміз. Үйдің іші қуанышқа толы болсын», – деген тілегін жеткізген аудан басшысы қоныс тойына арнап, сый-сияпатын берді.


Сондай-ақ ауданның бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов, ауыл имамы Сұлтанбек Шайменов жылы лебізін білдіріп, алғыстарын жеткізді. Ауыл ақсақалы Тілеубек Ибрайымов батасын берді. «Central Asia Mining Со» ЖШС атқарушы директоры Рахымжан Сейтжанов тұрғынға үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.


Айта кетейік, «Central Asia Mining Со» ЖШС Қарақұр ауыл округіне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.