ТҮРКІСТАН: Су тасқынынан зардап шеккендер жұмыспен қамтылып жатыр

0
784

Бүгінде Мақтаарал ауданында су басқан елді мекендердің тұрғындарына үй салып жатқан құрылыс компанияларында 1475 азамат жұмыс істеуде.


ТҮРКІСТАН: Су тасқынынан зардап шеккендер жұмыспен қамтылып жатыр

Мақтааралдағы құрылыс жұмыстарына 800-ден астам жергілікті тұрғын тартылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінде Мақтаарал ауданында су басқан елді мекендердің тұрғындарына үй салып жатқан құрылыс компанияларында 1475 азамат жұмыс істеуде. Олардың 810-ы тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындары. Қазіргі сәтте тағы 43 бос жұмыс орны бар. Ол жұмыстарға да жергілікті тұрғындарды тарту жоспарлануда.

Атап өтсек, мақтааралдықтарды жұмыспен қамту мақсатында Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан орталығында мобильді орталықтар жұмыс істейді. Бірінші мобильді орталық Жаңатұрмыс, Жеңіс, Өргебас, Достық және Фердоуси ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетуде. Екінші топ Нұрлытаң, Жайлыбаев, Шұғыла және Жантақсай ауылдарында. Үшінші орталықтың қызметкерлері Мырзакент, Нұрлы жол, Арайлы және Ақжол ауылдарының тұрғындарын жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеді. Онда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, азаматтардан жұмысқа орналасуға өтініштер қабылданады.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шараларымен 459 адам қамтылған. Оның ішінде 85 азамат су басқан елді мекендердің тұрғындары.

Ал, әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту үшін блиц-тренингтер өткізіле басталды. Қатысушыларға дайын бизнес-кейстер ұсынылып, бал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жылыжай ісі, саңырауқұлақтар өсіру және т. б. кеңестер берілуде.