Су беру кезеңін қорытындылау, күздік бидай егісіне дайындық және трансшекаралық өзендердегі жағдай талқыланды.
Түркістан облысында биыл су үнемдеу технологиясы енгізілген алқапты 164 мың гектарға жеткізу көзделген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі ағын суға қатысты өзекті мәселелер мен суғару маусымының атқарылуы бойынша арнайы жиын өткізді.
Күн тәртібінде “Арыс-Түркістан” каналы арқылы су беру кезеңін қорытындылау, күздік бидай егісіне дайындық және трансшекаралық өзендердегі жағдай талқыланды.
Сырдария өзені арқылы – 400 м3/сек., Қызылқұм МК арқылы 80 м3/сек., Машканальарқылы 14 м3/сек ағын су босатылған.
«Қызылқұм» магистралды каналы арқылы Шардара, Отырар, Арыс өңірлерінің алқабына ағын су жеткізілген.
Сонымен қатар, трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандарының 140 мыңға жуық алқабы суғарылған.
Сондай ақ, «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарын ағын сумен қамтамасыз етті.
Жауаптылардың мәлімдеуінше, вегетациялық кезең барысында туындаған өзекті мәселелер мерзімінде бақылауға алынып, тиісті шешімдер қабылданған. Нәтижесінде шаруалардың сұранысы қанағаттандырылды.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты басқарма мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдаланудың өзектілігі күн тәртібінен түспейтінін ескертті.
Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларымен қамтылған жер көлемін 164 мың гектарға жеткізіп, облыстағы суармалы жердің шамамен 30 пайызын қамтамасыз ету көзделген. Бұл жыл сайын шамамен 280 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік бермек.


