ТҮРКІСТАН: «Тамыз кеңесі» жаңа форматта өтеді

0
1 348

Өзекті 20 тақырыптық бағыт бойынша өткізу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: «Тамыз кеңесі» жаңа форматта өтеді

Түркістан облысында «Тамыз кеңесі» жиыны жаңа форматта өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ардақ Садықова мәлімдеді.


Спикердің мәлімдеуінше, биыл 24-25 тамыз күндері еліміздің бар аймағында «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында «Тамыз кеңесі» жиыны өтеді. Оның ішінде білім саласындағы өзекті 20 тақырыптық бағыт бойынша өткізу жоспарланған. Осы орайда Түркістан облысында «Тамыз кеңесінің» негізгі баяндамасы «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие: біртұтас тәрбие жұмысының бағдарламасы» тақырыбында болады. Жаңа форматта өткелі отырған республикалық тамыз кеңесіне еліміздің өзге өңірлерінен 130-ға жуық білім саласының тәрбие бағытына жауапты мамандары қатысады деп күтілуде.


«Бүгінде «Қазақстан Халқы қоры» облысымыздың 6 ауданында 6 тірек мектебіне заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді қолға алды. Сондай-ақ, «Білімді ұлт» сапалы білім беру Ұлттық жобасында облыстағы мемлекеттік негізгі және орта білім беру ұйымдарын физика, химия, биология, STEAM - пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды мектептердің мәселесін, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында облыста кезең-кезеңімен 199 мектеп салу жоспарланған. Бекітілген жоспарға сай 8 апатты мектептерді жою, 9 үш аусымды мектептерді және демографиялық өсімді ескере отырып оқушы орнының тапшылығын жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы 33 мектептің құрылысын жүргізуге 22,6 млрд.теңге қаржы қаралып, ағымдағы жылға 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, биыл 21 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы қаралды. Күрделі жөндеу жұмыстарының ішінде 4 мектептің жұмыстары толық аяқталып пайдалануға берілген. Ал 12 мектептің құрылыс жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар, 5 мектептің қаржысы 2024 жылға өтпелі. Бұдан басқа, облыс көлемінде 121 білім беру мекемелері күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді»,- дейді Ардақ Мәдіханқызы.


Облыста мемлекеттік 1275 білім беру мекемесінің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыруға пайыздық мөлшерлемесін 50% пайыздан жоғарылату жоспарланған. Осы ретте өңірде биыл 70 білім беру мекемесі қатты отыннан табиғи газға ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ, бұдан басқа табиғи газға өту үшін техникалық шарт алуға және сметалық құжаттамасын әзірлеуге 30 білім беру мекемесі бар.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 2023 жылы облыстағы 108 мектепті жаңғырту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда, күрделі жөндеу жұмыстарының мемлекеттік сатып алу порталынан жеңімпаз анықталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарлануда.


Айта кетсек, облыс бойынша қазіргі таңда 1000 мектеп бар. Оның ішінде 907-мемлекеттік, 93-жекеменшік мектеп. Одан бөлек, облыста 1378 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар. Олардың 77,1%-ы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. Сонымен қатар, өңірдегі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымдары қызмет етеді. Соңғы үш жыл көлемінде облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының желісі 6-ға артты. 2023 жылы 4 инклюзивті білім берудің ресурстық орталығын «Дара қорының» демеушілігімен ашу жоспарлануда.