8 ақпан мен 15 наурыз аралығында өтеді.
Түркістан облысында «Тәуелсіздік қарлығаштары» байқауы басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Қазақ елінің тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр.
Мерейлі мерейтой қарсаңында ел жетістігін кеңінен насихаттау мақсатында Түркістан облысында жас ақын-жазушылар мен журналистер арасында байқау өтеді. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
"ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссия отырысында берген тапсырмаларын орындау, Тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін арттыру, Тәуелсіздік жылдарында жеткен ел жетістіктерін әдебиет және ақпарат саласының өкілдері арқылы кеңінен насихаттау мақсатында өтетін байқауға 30 жасқа дейінгі жас ақын-жазушылар мен журналистер қатыса алады.
Байқау барысында тәуелсіздіктің жемісі ретінде Елбасының бастамасымен құрылып, Мемлекет басшысының қадағалауымен дамуы жүзеге асып жатқан Түркістан облысының жетістігі, облыс орталығы - Түркістан қаласының жаңарған келбеті тақырыбына ерекше көңіл бөлінеді. Облыстық қоғамдық даму басқармасы және Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалдарының ұйытқы болуымен қолға алынған «Тәуелсіздік Қарлығаштары» атты сайысқа Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан үміткерлер қатыса алады. Байқаудың барлық талаптары туралы 8 ақпан күні басқарманың фейсбук желісіндегі ресми парақшасында жарияланатын болады», - деді басқарма басшысы.
Баспасөз мәслихатында ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін арттыру арқылы жас ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдерінің шығармашығы танылатындығын айтты.
«Ең маңыздысы, байқау арқылы еліміздегі әрбір азамат "тәуелсіздік" деген ұғымның мағынасын терең ұғынады деп сенемін. Әсіресе, жас буынға түсіндіруде, бойындағы ұлтжандылық сезімін оятуға мүмкіндік берері анық. Тәуелсіздіктің мәнін ұғыну, бағасын білу, құнын арттыру – бүгінгі басты міндетіміз. Барша шығармашыл жастарға сәттілік тілейміз»,-деді филиал төрағасы.
Сондай-ақ, брифингте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай: «Бұрынғы әдеби шығармалардың дені тәуелсіздікті аңсаумен жазылған. Ал қазіргі тәуелсіздік кезеңде дүниеге келіп, бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан жастар тәуелсіздікті қалай түсінеді? Олардың арманы не? Байқауда жастардың тәуелсіздік туралы шығармаларын талдайтын боламыз", - деп, жастарды байқауға белсенді қатысуға шақырды.
Атап өтейік, "Тәуелсіздік қарлығаштары" шығармашылық байқауы 8 ақпан мен 15 наурыз аралығында өтеді. Жеңімпаздар Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында марапатталады. Байқауда үздік деп танылған қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталмақ.