Әкім бірнеше кәсіпкердің жұмысымен танысты.
Төлеби ауданының әкімі «еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты , деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы Төлеби ауданында қарқынды жүзеге асуда. Бүгінде аудан көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанып, өз бизнесін бастағандар, кәсібін дөңгелетіп отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі және тұрғындарға берген көмегімен танысу мақсатында аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Көксәйек, Қасқасу ауылдық округтеріне арнайы іс-сапармен барды.
Аудан басшысы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 200 АЕК қайтарымсыз қаржыға ие болған Көксәйек елді мекен тұрғыны Жанерке Есеналиеваның тігін шеберханасымен танысты. Кәсіпкер, қызды ұзатуға қажетті барлық заттарды ұлттық нақышта кестелеп өріп, өз қолымен дайындайды. Шебердің қолынан шыққан дүниелер үлкен сұранысқа ие. Жанеркенің шағын шеберханасына 5 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Олар қыз жасауына қажетті құрақ көрпешелер, жастықтарға ұлттық оюларды ойып, өз қолымен тігіп шығады. Қолы алтын шебердің қолынан шыққан дүниелеріне еліміздің барлық өңірінен, Өзбекстан елінен тапсырыс беріп алдырады.
«Ауыл жастарын, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді осы кәсіпке баулу мақсатында оқу курстарын ашып, оларға ою ойып, тігін тігуді үйретсем деген арманым бар», - деді Жанерке өз сөзінде.
Сондай-ақ, көксәйектік Алма Хайдар «Бастау бизнес» кәсіпкерлік оқу курсынан өтіп, бүгінде ауыл орталығынан кондитерлік цех ашқан. Грант қаражатына тәттілерді пісіретін арнайы пеш, кәсіби миксер, тоңазытқыш сатып алды. Алма пісірген торт, самса, күлшелерге ауыл тұрғындарына ғана емес, көршілес елді мекен халқы да тапсырыс береді. Кондитердің өнімдеріне онлайн тапсырыс берсеңіз, өзіңіз қалаған пішінде, кез –келген мультфильм кейіпкерлері бейнесінде дайындап береді.
Ал, «Көлік жуу орталығын» ашып, халыққа қызмет етіп отырған Райымбек Мейманбекұлы мемлекеттік бағдарламаның отбасына берген көмегі жөнінде әңгімеледі. «Құс шаруашылығын» қолға алған Бибігүл Ордабаева болса кәсібінің қыр-сырын әңгімелеп, жұмыртқаны инкубаторға салып, одан шөже өсіріп алып, шөжекті бағып-баптап тауыққа айналдырып, саудалайтынын айтты.
Сонымен қатар, Қасқасу ауылының тұрғыны Салтанат Омарова тігін шеберханасын ашып, ауыл тұрғындарының тапсырысымен көрпе-төсек тігіп, ел игілігіне еңбек етіп отырғанын жасырмады. Мемлекеттік грант көмегімен қымызын сапырып отырған Айгүл Жанатаева қайтарымсыз қаржыға бие сатып алғанын, бүгінде саумалды, қымызды саудаға шығарып отырғанын әңгімеледі.
«Гранттық қаржы алған азаматтар өздері қалаған кәсіптерін бастауда. Мал, құс шаруашылығын дамыту, тігін цехтары, компьютерлік қызмет, шаштараз, сұлулық салондары, дәнекерлеу, дөңгелек құрастыру, ағаш цехтары, фото және бейне студиялар сынды басқа да кәсіпкерлік нысандарын ашып, жұмыстарын жолға қоюда», - дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Дулат Шәріпов.