Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Төлебиде жастар ресурстық орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданында Жастар орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда еңселі ғимараттың ішкі әрлеу, қабырғасын қаптау, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Construction Group SAMRUK» ЖШС.
Ескі ғимараттың еденінен бастап шатырына дейін, толық жаңалануда. Орталық екі қабаттан тұрады. Сонымен қатар мәжіліс зал, концерт зал, сахна, жеке қабылдауға арналған арнайы кабинеттер, мамандар отыратын жеке бөлмелерге дейін толық жөнделіп, әрленуде.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде сапалы әрі толық аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, ХХ ғасырдың 80 жылдары аудан орталығындағы ең ірі мәдениет ошағы болған ғимаратта «Ғарыш» кинотеатры орналасқан болатын. Кейіннен ол ғимарат ағымдағы жөнеуден өтіп, «Жастар орталығына», аудандық мұражайға берілді. Ғимаратта ауданаралық мәдени іс-шаралар, байқаулар өткізіліп келді.