Түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка шығармақ.
Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдейтін «Golden Camel» зауыты қайта іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи мырзамен және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында «Golden Camel» зауытының жұмыс барысы талқыланды. Түйе сүтін өңдеу маусымдық жұмыс болғандықтан, инвесторлар алдымен дайындық жұмыстарын бастайтын болды. Зауыт басшылығы техниқалық тексерістен соң, бір айда зауыт жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Одан бөлек түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка күйінде шығаратынын атап өтті.
Айта кетейік, облыс әкімі мамыр айында Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені талқылаған болатын. Нәтижесінде, инвесторлар кәсіпорынды қайта жандандыратын болды.
«Өздеріңізбен Түркістанда қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Өзіңізді Түркістан облысының дамуына алғашқы ірі инвестиция салған азаматтардың бірі ретінде танимыз. Зауыт жұмысын жандандыру туралы ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Өңірімізде қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін бірқатар бағытта өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті зор. Зауытты қайта іске қосу және әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алда өзге де жобаларға атсалысуға шақырамын. Кентау қаласы Оранғай елді мекенінде орналасқан арнайы экономикалық аймағының маңынан Қазақ- Қытай арнайы экономикалық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз», – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым қатынасты одан әрі дамыту мақсатында Түркістан қаласында екі ел бірлескен Қазақстан-Қытай индустриялды аймағын құру жоспарлануда. Бұл ретте тараптар Қазақстан-Қытай индустриялды аймағының аумағында тамшылатып суару өндірісі, сусыздандырылған көкөністерді өңдеу, ірі және ұсақ малдың қан, сүйек және ішкі органдарын қайта өңдеу және желатин өңдеу зауыттары сияқты бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.
«Түркістанға келгеніме біраз жыл болды. Осында жаңа іс бастап, жұмыс істедік. Сондықтан мен үшін Түркістан әрқашан ыстық. Өңірді дамытуға үлесімізді қосуды біздің ден міндетіміз, деп есептеймін. Осыған дейін Қытайдағы кездесуімізден кейін жұмысты қайта қолға алуға бел будық. Осы жолы зауытты қайтадан іске қосу үшін келіп отырмын. Техникалық тексеру жұмыстарынан кейін жақын арада кәсіпорынды іске қосуға дайынмын. Түйе сүтінен таблетка шығаруды қолға аламыз. Ешкі сүті Түркістан облысында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан осы бағытта да жұмыстарды жандандыруға дайынбыз», – деді «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи.
Өнімділігі тәулігіне 100 тонна түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel group LTD» 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылған. Сонымен қатар ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарады. Өнімінің басым бөлігін экспортқа шетел мемлекеттеріне жөнелтеді. Жобаны іске асыру Түркістан мен көрші Қызылорда және Жамбыл облыстарында түйе шаруашылығын дамытуға және мал басын арттыруға мүмкіндік береді.