ТҮРКІСТАН: Түлкібаста жаңа мәдениет үйі ашылды

0
95

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталған.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста жаңа мәдениет үйі ашылды

Түлкібас ауданында 100 орынды жаңа мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Дәубаба ауылында 100 орынды жаңа мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілді.


Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.


– Бүгін Түркістан облысы тағы бір мәдениет үйімен толығып отыр. Осы қуанышты сәтпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет саласының маңызына тоқталып, елімізді дамытудағы орны айрықша екенін айтқан болатын. Ал Түркістан облысы – мәдениет пен руханияттың ордасы. Осы ретте ауыл мәдениетін көтеру, халқымыздың өнерін өркендету – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан бүгін Түлкібаста ашылып отырған нысанның маңызы өте зор. Өңірімізде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағыттарында қарқынды жұмыс жүріп жатқаны көпшілікке мәлім. Еліміз мықты болуы үшін экономикамен бірге мәдениет пен өнер қатар дамуы керек. Себебі рухы, өнері мықты ұлт қана биік шыңдарды бағындырады. Осы ретте, бүгін Дәубаба ауылындағы 100 орындық жаңа мәдениет ошағы Сіздерге есігін айқара ашып отыр. Мұнда өнерге, шығармашылыққа жол ашылады. Жаңа мәдениет үйінде өнер мен шығармашылықты дамытуға жақсы жағдай жасалған. Ашылған мәдениет үйі ауыл тұрғындары, жастары және өнерпаздары бас қосатын орталық боларына сенемін, – деді облыс басшысы.


Нысанның құрылыс жұмыстарын Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен «Асар Строй Групп» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталған. Жобаның жалпы құны – 247,4 млн теңге. 0,2 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы – 426 шаршы метр.


Жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, өнерлерін шыңдауға жол ашады. Мұнда 100 орындық көрермен залы мен заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапхана қарастырылған. Енді ауылда түрлі іс-шаралар мен кездесулерді жоғары деңгейде өткізуге толық мүмкіндік бар.


Түлкібас ауданында мәдениет саласын дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Келтемашат ауылдық округі Кершетас ауылдық клубы, 2024-2025 жылдары 100 орындық Дәубаба мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. БүгіндеМайлыкент ауылдық округінде 100 орындық Бақыбек мәдениет үйі, Састөбе кентінде 150 орындық Ынтымақ мәдениет үйінің құрылыс жүргізілуде. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары Түлкібас, 2025 жылы Алғабас, Елтай, Абай, Иірсу, Мыңбай мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы Ақбиік, Жабағылы, Керейт мәдениет мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.


Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 27 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл мәдени ошақтарда би, домбыра, терме, ән, гитара, ВИА, қолөнер, жайдарман, эстрада және басқа да бағыттар бойынша 781 қатысушы өз өнерлерін шыңдап келеді.

Бөлісу