ТҮРКІСТАН: Түлкібаста жеміс-жидекті терең өңдейтін зауыт ашылды

0
93

Қазіргі таңда мұнда тәулігіне 30 тонна алма өңделіп, одан шыққан өнім «Ayim» брендімен сауда қатарларына жөнелтілуде.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста жеміс-жидекті терең өңдейтін зауыт ашылды

Түлкібас ауданында алма мен өзге де жеміс-жидектерді өңдеп, одан 100 пайыз табиғи өнім шығаратын кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Түлкібас ауданында алма мен өзге де жеміс-жидектерді өңдеп, одан 100 пайыз табиғи, ешқандай қоспасыз шырын, жеміс пюресі және алма ұнтағын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Өндіріс орнының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтап, нысанның жұмысымен танысты.


– Түркістан облысында жеке инвестициялар мен мемлекеттік қолдаулар арқылы маңызды өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгін осындай игі бастамалардың бірі Түлкібас төрінде іске асуда. «Түлкібас жеміс-жидектері» агроөнеркәсіп кооперативі отандық, заманауи өндіріс талаптарына сай кәсіпорындар қатарын толықтыруда.

Біз тек ауыл шаруашылығы дамыған емес, өнімді терең өңдейтін, өнеркәсібі дамыған өңірге айналуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту маңызды екенін айқындап берді. Бүгін іске қосылып отырған жаңа кәсіпорын – осы міндетті орындаудағы нақты қадам. Бұл кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталып, жылына 5 мың тонна алманы терең өңдейді. Нәтижесінде экологиялық таза табиғи шырындар, балалар тағамы (пюре) және өзге де өнімдер өндіріледі. Аталған өндірістің іске қосылуы отандық өнім көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар экономиканы көтеріп, импортқа тәуелділікті төмендетеді. Осы бағыттағы жұмысты барлық аудандарда күшейтуіміз керек.

Түлкібас – өзінің керемет табиғатымен ғана емес, дәмді алмасымен танымал өңір. Сондықтан алманы брендке айналдырып, оның өнімдерін экспортқа шығару – уақыт талабы. Бұл маңызды жұмысты сіздер табысты атқарады деп сенемін. Осы бастаманы қолға алған «Түлкібас жеміс-жидектері» агроөнеркәсіп кооперативінің басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді Нұралхан Көшеров.


Жылына 5 мың тонна алма жемісін қайта өңдейтін «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Қытайдың соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Толық автоматтандырылған нысанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.


Қазіргі таңда мұнда тәулігіне 30 тонна алма өңделіп, одан шыққан өнім «Ayim» брендімен сауда қатарларына жөнелтілуде.


Кооператив төрағасы Бейбіт Төлешовтің айтуынша, қажетті шикізатты да өздері өндіреді. Атап айтқанда, 300 гектар алма бауынан алынған өнімнің бір бөлігі осы өндіріс орнына жөнелтілсе, қалған бөлігі кооперативке қарасты 2 мың тонналық жеміс сақтайтын қоймада сақталып, қыс мезгілінде саудаланады. Сондай-ақ бұл зауыт алдағы уақытта алма өсірумен айналысатын бағбандардан сақтауға жарамсыз алмаларды қабылдап, өңдеуді жоспарлап отыр.

Бөлісу