23 сәуір – Ұлттық кітап күні
Түркістан облысында Ұлттық кітап күні мерекесіне арналған кітап апталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы мен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекесіне арналған кітап апталығының ашылу салтанаты өтті.
«Мәртебелі кітап» шарасының шымылдығын ардагер кітапханашы Сержанова Раушан, белгілі журналист Төребек Байтасов және жас ақын, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ерман ашып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар кітаптың қоғам өміріндегі рөліне тоқталып, жастардың рухани өсуінде әдебиеттің маңызын ерекше атап өтті.
Кітап апталығының басты мақсаты – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, өскелең ұрпақтың рухани-мәдени дамуына серпін беру, кітаптың адам өміріндегі айрықша орнын ұғындыру, сонымен қатар оқу мәдениетін қалыптастыру және жастарды сапалы әдебиетпен таныстыру болып табылады.
«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» – деп атап өткен Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайдың сессиясында қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы 16 шілдеден бастап елімізде жаңа мереке – 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген еді. Осы орайда ұйымдастырылған апталық аясында бірқатар мазмұнды шаралар өткізу көзделді.
Апталықтың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұндық әрі танымдық бағыттағы шараларға толы болды. «Qasymkitap», «Атамұра» баспа үйлері қатысып, оқырмандарға арнап кітап жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеге ұсынылған түрлі жанрдағы кітаптар оқырмандар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды.
Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі, әдеби ойындар қатысушылардың белсенділігін арттырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің мүшелері қазақтың көрнекті қаламгерлерінің өлең-жырларынан үзінділер оқыса, Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері мен бишілері өз өнерлерімен кеш көрігін қыздыра түсті.
Шара соңында Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы және Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы іс-шараны қорытындылап, апталықтың мән-маңызына тоқталды. Олар осындай тағылымды шаралардың ұлт руханиятына қосар үлесі зор екенін атап өтіп, барша қатысушыларға алғыс білдірді.