ТҮРКІСТАН: Ұлы Отан соғысының ардагерлері кейінгі толқынға аманат хат тапсырды

0
2 074

"Біз қартайдық, бірақ қажымаймыз, біз төсек тартып жатып қалдық, бірақ қайғырмаймыз"!


ТҮРКІСТАН: Ұлы Отан соғысының ардагерлері кейінгі толқынға аманат хат тапсырды

Түркістан облысында тұратын Ұлы Отан соғысының 25 ардагері Ауған соғысы ардагерлеріне осындай мәтінмен басталатын сабақтастық аманат хатын тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Біз қартайдық, бірақ қажымаймыз, біз төсек тартып жатып қалдық, бірақ қайғырмаймыз! Өйткені Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде айтарымыз – біздерден кейін нағыз соғыс көрген ұрпақ бар. Олар – Ауған соғысының ардагерлері! Олар жас ұрпаққа біз берген тәрбиені беруі керек. Себебі ата-бабаларымыз өзінен кейінгі ұрпақтың жан жүйесі мен санасына мәдениеттілік, инабаттылық, отансүйгіштік, ержүректік сияқты адамзаттық қасиеттерді сіңірген». Түркістан облысында тұратын Ұлы Отан соғысының 25 ардагері Ауған соғысы ардагерлеріне осындай мәтінмен басталатын сабақтастық аманат хатын тапсырды.


Бүгін Түркістанда «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында патриоттық іс-шара өтті. Отаншылдықты, рухани сабақтастықты дәріптеу мақсатындағы жиын Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектебіндегі Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Білім ұясының мәжіліс залында жалғасқан іс-шараны «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбсары Тәжібаев Бейсенбай жүргізіп отырды.


Тарихи сананы жаңғыртып, жастарға серпін берген жиында Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан облысы ақсақалдар төралқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов және Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ерлік пен өрлік, батырлық пен тектілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керектігін жеткізді.


Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев әскери саладағы жұмыстарға тоқталды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аманатын «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегимовке салтанатты түрде тапсырды. Сабақтастық аманат хатында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ауған соғысының ардагерлеріне бірқатар міндеттер жүктеген. Атап айтсақ, соғыс ардагерлерін қастерлеу, майдан даласында ерлікпен қаза тапқандар мен тылда еңбек еткен ардагерлерді насихаттап, жастардың санасына сіңдіруді, әскер сапындағы ұрпақты аға буынның ерлік дәстүрінен үлгі алуға баулуды, Отан үшін күрескен азаматтардың ерлігін үлгі етіп, жас ұрпақты адамгершілікке, мәдениеттілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді және өзге де игі істерге жұмылдыруды тапсырған. Ауған соғысының майдангерлері аманатқа адал болуға уәде берді.


Іс-шара соңында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі және «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігі арасында меморандумдарға қол қойылды. Үш қоғамдық ұйым алдағы уақытта да жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, ұлт батырларын ұлықтау, қоғамды ізгілікке бағыттау жолында бірлесіп жұмыс атқаруға уағдаласты.


Рухани мәні бар жиынды түйіндеген «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев партия тарапынан «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерге құрмет көрсету, қолдау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.