ТҮРКІСТАН: Үздік әскерилер марапатталып, жоспарлар талқыланды

0
754

«Қуатты армия – Жаңа Қазақстан» ұранымен өтетін жаңа 2023 оқу жылына міндеттер қойды.


ТҮРКІСТАН: Үздік әскерилер марапатталып, жоспарлар талқыланды

Түркістандық әскерилер үздіктерді марапаттап, жоспарларды талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында әскери сала өкілдерінің қорытынды жиыны өтті. Оған қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармалардың және бөлімдердің жеке құрамы қатысты. Қорытындылау барысында облыстың жергілікті әскери басқару органдарының барлық бағыттары бойынша қызметіне талдау жүргізілді. Департамент бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев шақыру науқаны мен жұмылдыру жұмыстарына жеке тоқталды.


«Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдары арқылы жыл сайын Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 4000-нан астам жас шақырылады. Сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасуға және жоғары әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірушілердің үлкен ағымы жүріп жатыр. Бізге әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмыс сапасына үлкен жауапкершілік жүктелген», – деп атап өтті департамент бастығы.


Облыстағы қорғаныс істері департаментінің, басқармалары мен бөлімдерінің жеке құрамы жұмыстарды саралап, жоспарларды талқылады. Жауынгерлік әзірлік деңгейін сақтауға және болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, қызмет деңгейі мен сапасын арттыруға назар аударылды.


Жалпы қызметтегі жетістіктері, әскери қызмет пен тәртібіне сәйкес жыл қорытындысы бойынша Түркістан және Кентау қалаларының қорғаныс істері жөніндегі басқармалары бірінші және екінші орында, Созақ және Отырар аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдері үшінші орынды иеленді.


Жиында қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін департамент бастығы бірқатар әскери қызметшілер мен азаматтық персоналды марапаттап, Қарулы күштерде «Қуатты армия – Жаңа Қазақстан» ұранымен өтетін жаңа 2023 оқу жылына міндеттер қойды.