ТҮРКІСТАН: Вице-министр жетісайлық шаруалармен кездесті

0
67

9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді.


ТҮРКІСТАН: Вице-министр жетісайлық шаруалармен кездесті

Вице-министр Жетісай ауданының шаруаларымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай қаласында агроқұрылым басшыларымен кездесті.


Мәжілісте «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев облыста атқарылған жұмыстар мен жоспарлар бойынша баяндама жасады. Биыл өңірде егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізілді. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар. Бұл — республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. 12 349 шақырымды құрайтын 3 147 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 дана ұңғыма бар.


2024 жылы облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсарады деп күтілуде.


Су нысандарын салуды, қалпына келтіруді жеделдету үшін облыстық «Тұран су» мекемесінің де әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілуде. Мекеме тарапынан облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеді.


Вице-министр ағын су арналары кезегімен жөндеуден өтетінін айтып, дихандарды су үнемдеу технологиясын меңгеруге шақырды. Су үнемдеу технологиясына көшкен шаруашылықтарға субсидия төленетінін, сонымен қатар бөлек тариф бекітілетінін жеткізді. Шаруалар көкейдегі сұрақтарын ортаға салып, ағын су мәселесіне қатысты өзгерістер туралы ақпарат алды.


Кездесуден кейін ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жауапты мамандарға көтерілген мәселелерді заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бөлісу