ТҮРКІСТАН: Жаңартылатын қуат көздерін қолдану жобалары жүзеге асырылып жатыр

0
544

Қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы жүріп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Жаңартылатын қуат көздерін қолдану жобалары жүзеге асырылып жатыр

Түркістанға әлемге әйгілі компания өкілдері келіп, жаңартылатын электр көздерін дамыту барысын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жаңартылатын қуат көздерін қолдану және энергия үнемдеу бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгін өңірге әлемге әйгілі компаниялардың басшылары мен өкілдері келіп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен осы саладағы әріптестікті талқылады. Атап айтсақ, кездесуге БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, «Eni» компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқарушы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато және өзге де азаматтар қатысты.


Облыс әкімі Түркістан өңірінде күн, жел және су электр станцияларын көбейту маңызды екеніне, жаңартылатын қуат көздері бойынша жобалар жүзеге асып жатқанын айтты.


«Жасыл энергияны» енгізуге және Түркістан облысының әлеуметтік дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Өздеріңізге белгілі, жаңартылатын энергия көздері саласында Түркістан облысы айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие. Өңірде жалпы қуаты 220 МВт болатын 20-ға жуық жаңартылатын электр көздері нысаны жұмыс істейді. Облыс электр энергиясын импорттайтындықтан бұл саладаға баса мән берудеміз. Аймақта қуаты 1000 МВт болатын электр станциясы салынып жатыр. Осы бағытта сіздермен әріптестікті нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.


БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш Түркістанның жан-жақты дамып келе жатқанын айтып, «Жасыл экономикаға» көшу, жаңартылатын энергия көздері технологиясын молынан енгізу маңызды екенін жеткізді. Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе маңызды жобаларды қолға алғанын атап өтті.


«Eni» компаниясы мен БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасы Түркістан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу жұмысын аяқтады. Бұл жоба – тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізетін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгісі. Енді Ж.Тәшенов атындағы мектеп күн энергиясын тиімді пайдаланып, «жасыл энергияға» көшті. Алдағы уақытта тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Ең бастысы – қоршаған ортаға зиянсыз энергия өндіру бағытына басымдық беріледі», – деді ол.


Кездесуде екі тарап әріптестікті нығайтып, қоршаған ортаға көмірқышқыл газын қысқартатын қуат көздерін кеңінен пайдалану технологиясын енгізу ісін жалғастыру жөнінде уағдаласты.


«Eni» компаниясы Қазақстан Республикасында 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әсіресе мұнай мен газ саласында ауқымды үлесі бар. Компания Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі алғашқы жобасын 2020 жылғы наурыз айында Ақтөбе облысында қуаты 48 МВт жел электр стансасын салу арқылы бастады. Ол жыл сайын шамамен 195 ГВт/сағ электр қуатын өндіріп жатыр, осылайша CO2 шығарындыларын жылына 172 мың тонна көлемінде қысқартуға қол жетті. Қазір «Eni» Түркістан облысы, Шәуілдір ауылының қасында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясының құрылысын жүргізіп жатыр.