100-ге жуық ана мен балаға сыйлықтар берілді.
Облыстық «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газеті аз қамтылған отбасылардың мүшелері мен ерекше жасөспірімдер үшін қайырымдылық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Тәуелсіз Қазақстанның төл құрдасы – облыстық «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыға бастағанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай редакция ұжымы «35 жылдыққа – 35 іс-шара» жоспарын бекітіп, жыл басынан бері түрлі жұмыстарды атқарып келеді. Бүгін соның жалғасы ретінде аз қамтылған отбасылардың мүшелері мен ерекше жасөспірімдер үшін мерекелік дастархан жайылып, 100-ге жуық ана мен балаға сыйлықтар берілді.
Игілікті жиынға Түркістан қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров пен бірлестік жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Толқын Сайтмұратов, «Жанубий Қозоғистон» газетінің директор-Бас редакторы Райымжан Алибаев, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Ғабит Сапарбек, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, «Индира» балық орталығының басшысы Мубарак Атаханова және БАҚ өкілдері қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Бүгін барлығымыз үшін өте қуанышты, көңілді күн! Түркістан қаласындағы бұл қайырымдылық іс-шарасын «Индира» балық орталығы, «Асанов» сауда үйі және облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің қолдауымен өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ, қазір Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасындағы «Тәуелсіздік — мақтанышым, болашағым!» тақырыбында республикалық эссе жазу байқауының іріктеу кезеңдері өтуде. Тәуелсіздік тақырыбына арналған білімділер сайысы 16 сәуір күні қорытындыланады. Алда жоспар аясында атқарылатын жұмыс өте көп. Ойға алған идеялардың барлығын ұжымның бірлігі арқасында іске асырамыз деп үміттенемін», - деді Райымжан Артықбайұлы өз сөзінде.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін мерейтой аясында өзбек этномәдени бірлестіктері өкілдері арасындағы облыстық шахмат турнирі, түркі әлеміне ортақ тұлға Әлішер Науаидің 585 жылдығына арналған халықаралық «Науаи оқулары» байқауы өткізілген. Сонымен қатар, қасиетті Рамазан айында Сайрам, Сауран аудандары мен Шымкент, Кентау, Түркістан қалаларындағы 50-ге жуық отбасыны қамтыған қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылған.


