Алдағы уақытта толық штатпен жұмысқа қабылдануы да мүмкін.
Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары қоғамдық қабылдауларды үздіксіз өткізіп келеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының аудан, қалаларында «Nur Otan» фракциясының депутаттары қоғамдық қабылдауларды үздіксіз өткізіп келеді. Сондай қабылдаулардың бірі Қазығұрт ауданында өтті. Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Бекболат Бердалыұлының қабылдауында жас маман өз мәселесін айтып келді.
Жігерген ауылының тұрғыны, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған жас маман мамандығына сай жұмыс таба алмай сандалғанын айтып, партия филиалынан көмек сұрады. Нәтижесінде жас маман Ә. Сламханға заң аясында кеңестер беріліп қана қоймай, оның өтініші бойынша оң шешім қабылданды. Өтініш иесімен жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Фархат Нуримов кездесіп, жастар практикасы аясында, мамандығы бойынша аудандық полиция бөлімшесіне жұмысқа жіберілді. Алдағы уақытта толық штатпен жұмысқа қабылдануы да мүмкін екені айтылды.
Қоғамдық қабылдау арқылы жұмысқа жолданған азамат «Nur Otan» партиясына және аудандық мәслихат депутаты Бекболат Бердалыұлына ризашылығын білдірді.