ТҮРКІСТАН: Жемқорлыққа қарсы комиссияның отырысы өтті

0
1 118

Күн тәртібінде 6 мәселе талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Жемқорлыққа қарсы комиссияның отырысы өтті

Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Мәжіліске облыс әкімі Д.Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Төлеубаев, құқық қорғау органдарының бастықтары, басқарма басшылары және бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдері мен қатысты.


Күн тәртібінде 6 мәселе талқыланған мәжіліс отырысында өңір басшысы елге адал қызмет етудің маңыздылығын баса атап өтті.


«Әр мекеме басшысы өзі басқаратын ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Халық мүддесіне бағытталған әрбір қаражат ел игілігі жолында жұмсалуы қажет. Біз білім және өзге де салалардағы мәселелерді тұрақты бақылауда ұстаймыз», – деді Дархан Сатыбалды.


Ең алдымен, Түркістан облысы аумағындағы суармалы жерлерді 2020-2023 жылдар аралығында мемлекет мұқтажы үшін және арнайы қорға алу әрекеттеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын баяндаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов кейбір аудан, қала әкімдері Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз шешімдер қабылдағанын жеткізді.


Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілегеннің мәлімдеуінше, жалпы облыстың жер көлемі – 11 610,3 мың га, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 4 518,5 мың га (оның ішінде суармалы – 484,1 мың га). 2018-2023 жылдар аралығында аудан, қала әкімдіктерімен 2841,8 га суармалы жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін қайтарылып, мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын жобаларға («Жасыл аймақ», «Жайлы мектеп», теміржол, автомобиль жолдары мен өзге де инфрақұрылым объектілеріне) бекітіліп берілген. Мемлекет мұқтажы үшін қайтарылған жер учаскелерінің басым бөлігі Түркістан (1185,7 га), Кентау (452,1 га) қалалары мен Сауран (1064,5 га) ауданының үлесінде. Жер қатынастары бойынша сыртқы талдау жұмыстары жүргізілген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.


Бұдан бөлек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқарма басшысының орынбасары С.Әсілбек Түркістан облысының білім басқармасының 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметінде жүргізілген сыртқы талдау қорытындысын хабарлап, Департаментпен қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстық білім басқармасымен негізсіз жоспарланған бюджет қаражатының қысқартылғанын жеткізді.


Жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен облыстық білім беру саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталған облыстық білім басқарамасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Садықова білім беру ұйымдарында жиі ұшырасатын сыбайлас жемқорлық көріністерінің деңгейін төмендету мақсатында «Бұлтты бухгалтерия» бағдарламасын Түркістан, Кентау қалалары мен Түлкібас ауданындағы орта білім беру мекемелерінің бухгалтериясына пилоттық жоба ретінде енгізу тәжірибесі қарастырылатынын айтты.


Аталған ақпараттық жүйе негізсіз жалақы есептеумен байланысты туындайтын тәуекелдердің алдын алып қана қоймай, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесуде тиімді тетік болып табылатындығын алға тартқан өңір басшысы жауапты мамандарға бұл озық тәжірибені тез арада облыс аумағында жандандыру қажеттігін тапсырды.


Мәжілісте Кентау қаласы мен Төлеби ауданы әкімдіктеріндегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы аталған аймақ әкімдерінің есептері де тыңдалды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ұсыныстар беріліп, мәселелер көтерілді.