Бүгінгі таңда облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 202 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген.
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар заң шеңберінде жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтіліп, мәселе қатаң бақылауға алынған. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 202 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олар 74 келісімшарт және 128 лицензия негізінде жұмыс істейді. Жер қойнауын пайдаланушылардан 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін 12,3 млрд. теңге қаржы облыстық бюджетке түскен. Оның ішінде биыл түсімдер көлемі артып отыр. Аталған саладағы мәселелер кезекті рет талқыланып, облыс әкімі Нұралхан Көшеров тарапынан жауапты мекеме басшыларына, аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.
– Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы мониторинг жұмыстары тоқтамауы тиіс. Табиғатты, экологияны қорғау маңызды. Заң талаптары қатаң сақталып, облыс экономикасының дамуына қажетті түсімдер көлемі ұлғаюы қажет. Тиісті жұмыстарды күшейтіңіздер. Осы салаға жауапты мекемелер өздеріне жүктелген міндетті сапалы атқарсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың баяндамасы, құзырлы орган өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
Облыс аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу және тоқтату мақсатында облыс әкімдігі тарапынан Полиция департаменті және басқа құзырлы органдармен бірлескен жедел мобильді топ құрылған. Биыл 16 тамыз - 18 қыркүйек аралығында жұмысшы топ Сауран, Сайрам, Ордабасы, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалалары аумағында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде жүк тасымалы заңдылығын бұзған 22 ауыр жүк көлігі айыптұраққа қойылып, Облыстық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан жүк салмағы өлшеніп, айыппұлдар салынды. Қазіргі кезде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 139 бабына сәйкес 302 құжат түскен, 153 құжат бойынша айыппұл салынған, 80 құжат толықтыру үшін кері қайтарылған. Сонымен бірге Арыс пен Шымкент арасындағы тасжолына электронды таразы және камера орнатылып, 851 құқықбұзушылық тіркелген. Айыппұл көлемі 751 млн теңгені құрап тотыр. 22 жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерін орындамағаны анықталып, басым бөлігінің келісімшарт және лицензияларының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.