ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданына жаңа әкім тағайындалды

0
2 019

Түркістан облысы әкімінің өкімімен тағайындалды.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданына жаңа әкім тағайындалды

Жетісай ауданының әкімі болып Мұрат Болатұлы тағайындалды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Жетісай ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, ротация тәртібімен Жетісай ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Мұрат Болатұлы Қадырбектің кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданды үш жыл басқарған Жамантай Бейсенбаевты құрметпен зейнет демалысына шығарып салып, ауданның өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының артуына аянбай еңбек еткені үшін алғысын айтты.
«Жетісай ауданы ерекше аудан. Ең ірі аудан. Осы ауданның дамуына үлкен үлес қосып, көптеген жаңа бастамаларға мұрындық болған Жамантай Қанайұлын құрмет демалысына шығарып сала отырып, адал атқарған еңбегі үшін алғыс білдіреміз. Жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Арыс апаты кезінде өзін іскер, батыл басшы екенін көрсетті. Алда атқарылар істер көп. Жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту әрі қарай жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығын озық технологиялармен жабдықтап, инвестиция тарту керек. Қоғамдық және құқықтық тәртіпті сақтай отырып, аудан тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырамын», – деді облыс әкімі.
2018 жылы жаңадан құрылған Жетісай ауданын басқарып келген Жамантай Бейсенбаев аудан активінің алдында сөз алды. Ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, ризашылығын білдірді. Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған Өмірзақ Естайұлы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.
Облыс әкімі ауданның жаңа басшысының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеп отыр. Мұрат Қадырбек өзіне сенім артқан барша азаматтарға алғыс айтып, Жетісай ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Мұрат Болатұлы 1980 жылы Шардара ауданында туған. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасының бөлім прокуроры лауазымында бастаған. 2004-2008 жылдары Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы № 2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымдарын атқарған. 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бюджеттік жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекеттік активтерді басқару, экономика және қаржы департаментттері директорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен. 2011-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысы бойынша департаменттері басшысы – тәртіптік кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымдарын атқарған. 2016 жылдан бері Арыс қаласының әкімі қызметін атқарды.